Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полиция азаматтарды интернеттегі романтикалық алаяқтықтан сақ болуға шақырады

Абай облысы полиция департаменті азаматтарды интернеттегі романтикалық алаяқтықтан сақ болуға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі заманның ең қауіпті қылмыстық тәсілдерінің бірі – әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сенімге кіріп, адамдардың сезімін өз пайдасына пайдаланатын романтикалық алаяқтық. Экранның ар жағындағы адам өзін шетелдік кәсіпкер, әскери қызметкер, табысты азамат немесе тағдырдың қиын сынағына тап болған жан ретінде таныстырып, жылы сөздерімен сеніміңізге кіруге тырысады.

Олар өңделген фотосуреттерді пайдаланып, бейнеқоңырау шалып, өздерін шынайы адам ретінде көрсетуге тырысады. Болашаққа жоспар құрып, романтикалық әңгімелер айтып, эмоционалды байланыс орнатады.

Біраз уақыт бойы тұрақты хабарласып, қамқорлық танытып, адамның сеніміне ие болады. Осылайша жәбірленуші экранның ар жағындағы адамға толықтай илана бастайды.

Кейін түрлі сылтаулармен ақша сұрайды. Мысалы "саған сыйлық жібердім, бірақ кедендік төлем қажет", "шетелде қиын жағдайға тап болдым", "шоттарым бұғатталып қалды", "жалақымды ала алмай жүрмін" немесе "шұғыл көмек керек" деген өтініштер айтады.

Ең қауіптісі – алаяқтар өзін үнемі жәбірленуші ретінде көрсетіп, адамның жанашырлығы мен сезімін пайдаланады. Алғашында аз мөлшерде қаржы сұраса, кейін бұл өтініштер жиілеп, сұралған сома көбейе береді. Кей жағдайларда адамдар жинаған қаражатын беріп қана қоймай, несие рәсімдеп, тіпті мүлкін сатып жіберуге дейін барады. Өкінішке қарай сол кезде ғана олардың шынайы сүйіктімен емес, кәсіби алаяқпен байланыс орнатқанын түсінуі мүмкін.

Өзіңізді қалай қорғауға болады?

- Таныс емес адамдарға жеке деректеріңізді және банк карталарыңыздың мәліметтерін бермеңіз.
- Интернет арқылы танысқан адамға ақша аудармаңыз, әсіресе ол шұғыл көмек сұраса.
- Фотосуреттерді арнайы сервистер арқылы тексеріп, олардың басқа дереккөздерден алынбағанына көз жеткізіңіз.
- Күмән туындаған жағдайда жақындарыңызбен ақылдасып, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
- Тым мінсіз көрінетін және қарым-қатынасты жылдам дамытуға тырысатын адамдарға сақтықпен қараңыз.

Есіңізде болсын: махаббат – сенім мен сыйластыққа негізделген асыл сезім. Ал алаяқтар сол сезімді қаржылық пайда табудың құралына айналдырады. Сондықтан жүрекке ерік берерде, ақылдың да үніне құлақ асыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру