Ақтөбе облысы ПД-да болашақ тергеушілер мен анықтаушылармен кездесу өтті
Ақтөбе облысы полиция департаментінде болашақ тергеушілер мен анықтаушылармен кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асет Қалиевтің төрағалығымен және Ақтөбе қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімдері басшыларының орынбасарларының қатысуымен С.Бәйішев университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бітіруші түлектерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері, бастапқы кәсіптік даярлықтан өту тәртібі, сондай-ақ тергеуші және анықтаушы лауазымдарына қойылатын талаптар жан-жақты түсіндірілді.
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы жанындағы Бастапқы даярлық мектебінде үш айлық оқудан өту үшін 16 кандидат іріктеліп алынған.
Айта кету керек, Ақтөбе облысы полиция департаменті мен аталған жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жыл сайын тергеуші және анықтаушы лауазымдарындағы бос орындарға үміткерлерді іріктеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұл тәжірибе ішкі істер органдарына кәсіби білімі жоғары, жауапкершілігі мол әрі ел игілігі жолында қызмет етуге ынталы жас мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құқық қорғау саласының кадрлық әлеуетін нығайтып, болашақ мамандардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына оң ықпал етеді.
