Атырау облысы полиция департаментінде ашық есік күні өтті
Атырау облысы полиция департаментінде "Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыру және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ашық есік күні ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері қатысып, алдымен департамент мұражайын аралады. Олар ішкі істер органдарының қалыптасу және даму тарихымен танысып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жолында қызмет атқарған ардагерлер мен ерлік көрсеткен полиция қызметкерлері туралы тың мәліметтер алды.
Кездесу барысында студенттер арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлерінің жауынгерлік және тактикалық даярлығымен танысты. Сонымен қатар төтенше жағдайларда қолданылатын арнайы әдіс-тәсілдер көрсетіліп, полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен спорттық дайындығы паш етілді.
Ашық есік күні аясында жастар құқық қорғау органдары қызметінің ерекшеліктері туралы жан-жақты ақпарат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Мұндай танымдық кездесулер жастардың құқық қорғау органдары қызметіне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.
