Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Азия чемпионы атанған көкпаршы полицей

Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкері Бекнұр Таңатаров құқық қорғау саласындағы қызметімен қатар ұлттық спортты дамытуға да үлес қосып келеді. Кәсіби көкпаршы ретінде ол республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарып, ел намысын абыроймен қорғап жүр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция капитаны Бекнұр Таңатаровтың көпшілік біле бермейтін ерекше хоббиі бар. Ол – көкпар спорты. Бекнұр тек тәртіп сақшысы ғана емес, ұлттық спорттың жанашыры әрі халықаралық деңгейде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген кәсіби көкпаршы.

Жастайынан ат жалын тартып мінген ауыл баласының жылқыға деген қызығушылығы ешқашан бәсеңдеген емес. Осыдан он жыл бұрын Ақтөбе облысының полиция органдарына қызметке қабылданған ол жұмыс күнінен кейін атқа мініп серуендеуді әдетке айналдырған.

Спорттық даярлыққа ерекше мән берілетін полиция қызметі мен жылқыға деген сүйіспеншілік уақыт өте келе оны көкпар спортына алып келді. Бүгінде Бекнұр Таңатаров Ақтөбедегі "Әлім ата" көкпар командасының негізгі ойыншыларының бірі. Ол республикалық және халықаралық турнирлердің жеңімпазы, сондай-ақ Азия көкпар лигасының чемпионы атанып үлгерген.

Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметіне қарамастан, ол сүйікті спортынан қол үзген емес. Жұмыстан кейін аптасына бірнеше рет қала сыртындағы жаттығу базасына барып, командасымен бірге дайындық жүргізеді. Алдағы жарыстарға тыңғылықты әзірленіп, шеберлігін ұдайы шыңдап отырады.

Полицейдің сүйікті сәйгүлігі – Аңсар. Бекнұр тұлпарын ерекше күтіммен баптап, оның дайындығына да айрықша көңіл бөледі. Оның айтуынша, ат пен адам арасындағы байланыс сенім мен түсіністікке негізделеді.

— Қазақ жігіті үшін жылқының орны қашанда бөлек. Атқа мініп серуендеудің өзі шаршауды басып, жанға тыныштық сыйлайды. Ал ат үстінде шабу адамға ерекше күш-қуат беріп, рухын көтереді. Мұндай сезімді ешбір көлік алмастыра алмайды, — дейді Бекнұр Таңатаров.

Қазіргі таңда ұлттық спортты дәріптеп жүрген көкпаршы-полицей Ақтөбе облысы полиция департаментінің арнайы даярлық басқармасында қызмет етеді. Мұнда ол тәртіп сақшыларының кәсіби және дене даярлығын жетілдіруге үлес қосып, қызмет пен спортты табысты ұштастырып келеді.

Бекнұр Таңатаровтың өмір жолы – ұлттық құндылықтарға адалдықтың, спортқа деген сүйіспеншіліктің және Отан алдындағы қызметке деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру