Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полиция күні салтанатты түрде аталып өтті

Абай облысында полиция күні салтанатты түрде аталып өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай атындағы театр сахнасында Қазақстан полициясы күніне арналған мазмұны терең, рухы биік салтанатты жиын өтті. Бұл мереке – ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында күн-түн демей қызмет етіп жүрген құқық қорғау саласы мамандарының қажырлы еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды.

Іс-шараға ПД бастығы Эльдар Данияров, Абай облысының әкімі Берік Уәли, облыс прокуроры Нұрсұлтан Ракишев, ардагерлер мен сала қызметкерлері қатысты. Жиын барысында қоғам тыныштығын күзетуде ерекше көзге түскен, қызметтік міндетін адал атқарып, ерлік пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсеткен полицейлер салтанатты түрде марапатталды. Барлығы 80 қызметкер ведомстволық медальдармен және Алғыс хаттармен марапатталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды.

Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров өз сөзінде полиция қызметінің қоғам үшін айрықша жауапкершілік жүктейтін күрделі әрі абыройлы миссия екенін атап өтті. Оның айтуынша, тәртіп сақшылары тәулік бойы ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау жолында тынымсыз еңбек етуде.

— Полиция қызметі – бұл жай ғана мамандық емес, бұл – жүрекпен таңдалатын қызмет. Ол жоғары кәсібилікті, темірдей тәртіпті, сабыр мен төзімділікті, ең бастысы – адалдық пен антқа беріктікті талап етеді. Біздің қызметкерлер заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау жолында мемлекет пен халық алдындағы жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді, – деді ол.

Салтанатты жиында айтылған әрбір сөз – тәртіп сақшыларының ел алдындағы өлшеусіз еңбегіне берілген баға ғана емес, сонымен қатар жаңа белестерге жетелейтін рухани серпін болды. Қоғамдық қауіпсіздік – мемлекеттің берік іргетасы болса, сол іргетасты мызғымай ұстап тұрған жандар – полиция қызметкерлері екені тағы бір мәрте айқындалды.

Бұл мерекелік күн – тек марапат пен құрмет қана емес, сонымен бірге ел тыныштығы үшін жан аямай еңбек етіп жүрген азаматтардың кәсіби рухын асқақтатқан, жауапкершілік пен антқа адалдықтың мәнін тереңдете түскен маңызды сәт ретінде есте қалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру