Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шығыс Қазақстанда полиция қызметкерлерінің еңбегі еленді

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің саптық алаңында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиын полиция қызметкерлерін, ішкі істер органдарының ардагерлерін және құрметті қонақтарды бір арнаға тоғыстырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Бұл олардың ерлігіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.

Салтанатты жиында ШҚО полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков сөз сөйлеп, қызметтік борышын орындау жолында қаза тапқан әріптестердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Сонымен қатар ол өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызына тоқталды.

– Ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерінің құрметіне өңірде "Жас сақшы" сыныптары ашылуда. Бұл бастамалар жастардың бойында жауапкершілік, отансүйгіштік және қоғамға қызмет ету құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді, – деді департамент бастығы.

Мерекелік шара аясында 33 жас қызметкер салтанатты түрде ант қабылдап, Отанға адал қызмет етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және Заңның сақталуын қамтамасыз етуге серт берді.

Сондай-ақ қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған 38 полиция қызметкері ведомстволық наградалармен, оның ішінде екі медальмен марапатталды. Ал жеті қызметкерге кезекті арнайы атақтар табысталды.

Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада Полиция департаментінің хоры, "ТАСПА" вокалды-аспаптық ансамблі және "Алтай" би ансамблі өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік шара тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы жауапты қызметін айшықтап, қызметтік борышқа адалдық пен ерлік дәстүрлерінің сабақтастығын тағы бір мәрте паш етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру