Павлодарда мас күйде микромобиль тізгіндегендердің жолы кесілді
Павлодар облысында полиция қызметкерлері жазғы маусымда танымалдығы артып келе жатқан микромобильді көлік құралдарын пайдаланушылар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1 шілде күні Павлодар қаласындағы Лимонная көшесінде полицейлер электроцикл жүргізушісін тоқтатқан. Тексеру барысында ер адамнан алкогольдің иісі сезілген.
Сол күні Жібек жолы көшесінде Leopard электрсамокатты басқарған жүргізуші де тәртіп сақшыларының күдігін туғызды. Медициналық куәландыру нәтижесінде екі жүргізушінің де көлік құралдарын алкогольдік масаң күйде басқарғаны анықталды.
Полиция микромобильді көлік құралдары да жол қозғалысының толыққанды қатысушысы екенін еске салады. Сондықтан оларды пайдаланушылар жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өз қауіпсіздігімен қатар өзге азаматтардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мас күйде кез келген көлік құралын басқару жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты полиция азаматтарды заң талаптарын сақтауға және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға шақырады.
