Ұлттық домбыраны ұлықтаған полицейлер
Ұлттық домбыра күніне орай Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлерінен құралған өнерпаздар қазақтың қасиетті қара домбырасын ұлықтап, ұлттық өнерге деген құрметтерін ерекше форматта паш етті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл Ақжайық өңірінде күй анасы Дина Нұрпейісованың 165 жылдығы кеңінен аталып өтуде. Осыған орай домбыраның күмбірлеген үнімен басталған мерекелік шара оның ізі қалған, күйдің қасиетті мекені – Жаңақала ауданында жалғасын тапты.
Өнерлі полицейлер көпшілік алдында халыққа кеңінен танымал “Балбырауын” және “Адай” күйлерін орындап, ұлттық мұрамыздың өміршеңдігін дәріптеді.
Күй – халқымыздың жаны, ал домбыра – ұлтымыздың үні. Сан ғасырлық тарихымыз бен рухани болмысымызды бойына сіңірген қасиетті аспапты ұлықтау – ұлттық құндылықтарға деген құрметтің айқын көрінісі.
Ұлттық домбыра күнімен үндескен бұл тағылымды шара полиция қызметкерлерінің тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуші ғана емес, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды насихаттауға да өзіндік үлес қосып жүргенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
