Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда кикшеринг компанияларының жұмысы тексерілді

Электр самокаттарын пайдалану тәртібіне қойылатын жаңа талаптар күшіне енгеннен кейін Алматы қаласы полиция департаментінің басшылығы қала аумағында қызмет көрсететін барлық кикшеринг компанияларының жұмысын зерделеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жұмыс кездесулері барысында полиция өкілдері кикшеринг операторларының жаңа заң талаптарын орындау деңгейін бағалап, пайдаланушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Тексеру қорытындысы бойынша бірқатар талаптардың әлі де толық орындалмағаны анықталды. Атап айтқанда, электр самокаттарына орнатылатын мемлекеттік тіркеу нөмірлеріне қатысты ескертулер айтылды. Полицияның пікірінше, тіркеу нөмірлері анық көрінетіндей, берік бекітілген әрі көлік құралын оңай сәйкестендіруге мүмкіндік беретіндей болуы тиіс.

Сонымен қатар жаяу жүргіншілер көп жүретін аумақтар мен тротуарларда жылдамдық режимін автоматты түрде шектеу жүйесі толық жетілдірілмегені белгілі болды. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандардың бөгде аккаунттарды пайдалану арқылы электр самокаттарын жалға алуына тосқауыл қоятын бақылау тетіктері де әлі жеткілікті деңгейде іске қосылмаған.

Анықталған кемшіліктердің барлығы кикшеринг компанияларының өкілдеріне жеткізіліп, оларды заң талаптарына сәйкес қысқа мерзім ішінде жою қажеттігі ескертілді.

– Жаңа талаптар күшіне енбей тұрып-ақ кикшеринг компанияларының өкілдерімен бірнеше мәрте кездесіп, заңнамадағы өзгерістерді түсіндірдік. Сол кезде олар барлық қажетті техникалық және ұйымдастырушылық тетіктерді уақытында енгізетіндерін мәлімдеген болатын. Қазіргі таңда белгілі бір жұмыстардың атқарылғаны байқалады. Дегенмен барлық талап толық орындалды деуге әлі ерте. Біз үшін ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігі. Сондықтан заң талаптары қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де толық орындалуы тиіс. Мемлекеттік тіркеу нөмірлері анық көрініп тұруы, жылдамдықты шектеу жүйесі тиімді жұмыс істеуі және кәмелетке толмағандардың электр самокаттарын жалға алуына барынша жол берілмеуі қажет. Бұл мәселе полицияның тұрақты бақылауында болады. Алдағы уақытта да қайта тексерулер жүргізіледі. Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру емес, жол қозғалысына қатысушылардың барлығы үшін қауіпсіз орта қалыптастыру, – деді Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов.

Полицияның мәліметінше, қолданысқа енгізілген жаңа талаптар жеке мобильділік құралдарын пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қаладағы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Осыған байланысты кикшеринг компанияларының қызметіне бақылау заң талаптары толық орындалғанға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру