Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында 8,5 келі марихуана тасымалдаған күдікті ұсталды

Жамбыл облысында 8,5 келі марихуана тасымалдаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында есірткі қылмысына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Облыстық прокуратураның үйлестіруімен Шу алқабынан еліміздің өзге өңірлеріне есірткі заттарын заңсыз тасымалдаудың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерінен құрылған мобильді топтар тұрақты түрде жұмыс істеуде. Жыл басынан бері олардың көмегімен есірткіні басқа облыстарға жеткізудің сегіз арнасының жолы кесілді.

"Қарасора – 2026" және "Канал – Янтарный берег" республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу – Қайнар автожолында ВАЗ-21213 автокөлікті тоқтатып, тексеру жүргізді.

Тексеру барысында көліктен қапқа салынған жалпы салмағы 8 келі 500 грамм марихуана тәркіленді.

Тінту шаралары "Бүркіт" арнайы мақсаттағы жасағының қызметкерлері мен Хэппи атты қызметтік-іздестіру итінің қатысуымен өткізілді.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізуге қатысты бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру