Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Отбасы тыныштығы жолындағы қызмет: погон таққан арудың қызметтегі бір күні

Отбасындағы татулық пен қауіпсіздік – қоғам тұрақтылығының басты кепілі. Осы бағытта азаматтардың құқығын қорғап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Ұлытау облысы Жезқазған қаласы полиция басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы Ақерке Өнерқызы, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақерке 2025 жылдан бері осы қиын да жауапты салада абыройлы қызмет атқарып келеді. Оның мақсаты — заң үстемдігін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен бірге қиындыққа тап болған жандарға үміт сыйлау.

Ақеркенің күнделікті жұмыс күні азаматтарды қабылдаудан басталады. Оның кабинетіне көмек сұрап келетін әрбір жанның өз мұңы, өз тағдыры бар. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізу — инспектор қызметінің негізгі өзегі.
Ол зардап шеккен жандарға құқықтық кеңес беріп, қорғау нұсқамаларын түсіндіреді және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жеке жұмыс істейді.

– Әрбір өтініштің, әрбір қоңыраудың артында адам тағдыры, балалардың болашағы тұр. Сондықтан бұл жұмыста немқұрайлылыққа орын жоқ, — дейді Ақерке Өнерқызы.

Бұл қызмет тек заң талаптарын білуді ғана емес, сонымен қатар үлкен сабырлықты, төзімділікті, терең психологиялық дайындықты және шынайы жанашырлықты талап етеді. Себебі отбасындағы шиеленісті шешу үшін кейде заңгер ғана емес, жақсы психолог та бола білу керек.

Ақерке өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, Жезқазған қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күн сайын өз үлесін қосып келеді.

Қауіпсіз қоғам құру — әр отбасының тыныштығынан басталады. Ал Ақерке сияқты өз ісіне адал мамандар барда, заң мен тәртіптің күзеті сенімді қолда болмақ.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру