Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары жалғасып жатыр

Жамбыл облысында заңсыз қоқыс үйінділерін жою бойынша рейдтер барысында бір күнде 50 тоннаға жуық қоқыс шығарылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар жалғасуда. Іс-шара шеңберінде полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар мен Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің өкілдерімен бірлесіп елдімекендердің тазалығын қамтамасыз етуге және абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауға бағытталған профилактикалық рейдтер өткізіп жатыр.

Рейд барысында құрылыс нысандары, сауда орындары, кәсіпорындар және басқа да ұйымдардың аумақтарды санитариялық күтіп ұстау мен абаттандыру талаптарын сақтау деңгейі тексеріледі. Ерекше назар заңсыз қоқыс үйінділерін анықтап, жоюға, сондай-ақ экологиялық заңнаманың бұзылуының алдын алуға аударылуда.

Жыл басынан бері облыс аумағында қалдықтарды заңсыз орналастырудың 417 орны анықталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп экологиялық заңнаманы бұзудың 44 123 дерегінің жолын кесті.

Тек бір күндік рейдтік іс-шаралардың өзінде құрылыс нысандарының маңындағы аумақтар мен қоғамдық орындардан 50 тоннаға жуық құрылыс және тұрмыстық қалдық шығарылды.

Құқық бұзушылықтарды анықтаумен қатар полиция қызметкерлері тұрғындар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Азаматтарға үй аумағына іргелес жерлерде құрылыс материалдарын жинауға, аулалар мен қоғамдық орындарда құрғақ шөп пен тұрмыстық қалдықтарды өртеуге, сондай-ақ автокөлік қоюға арналған бөгеттерді өз бетінше орнатуға жол берілмейтіні түсіндіріледі.

Полиция тұрғындарды экологиялық заңнама талаптары мен абаттандыру қағидаларын сақтауға шақырады. Әрбір азаматтың қоршаған ортаның тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтауға қосқан үлесі – өңірдің экологиялық мәдениетін қалыптастырудың маңызды бөлігі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру