Кезекші бөлім – тәулік бойы қоғамдық қауіпсіздіктің алдыңғы шебінде
Көпшілік жаңа күнін енді бастап жатқанда, Жетісу облысы полиция департаментінің кезекші бөлімінде жұмыс қызу жүреді. Дәл осы бөлімге тәулік бойы түрлі оқиғалар туралы хабарламалар келіп түсіп, кез келген төтенше жағдайға алғашқы әрекет ету осы жерден басталады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінгі кейіпкеріміз – Жетісу облысы полиция департаменті кезекші бөлімінің қызметкері Ақылбек Серікұлы. Оның құқық қорғау саласында мол тәжірибесі бар. Еңбек жолын Талдықорған қаласы полиция басқармасының анықтаушысы қызметінен бастап, бүгінде оқиғаларға жедел ден қою мен шұғыл қызметтердің іс-қимылын үйлестіруге жауап береді.
Кезекші бөлімге түсетін әрбір қоңырау адамның шұғыл көмекке мұқтаж екенін білдіруі мүмкін. Мұнда жол-көлік оқиғалары, өрттер, қылмыстар, тұрмыстық жанжалдар және басқа да төтенше жағдайлар туралы ақпарат қабылданады. Кезекші қызметкерлердің жедел әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде полиция, жедел медициналық жәрдем, өрт сөндіру қызметі, құтқарушылар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және өзге де құзырлы органдарға ақпарат дер кезінде жеткізіліп, тиісті шаралар қабылданады.
– Келесі шақыртудың қандай болатынын ешкім болжай алмайды. Ең бастысы – жағдайды жылдам бағалап, сабыр сақтап, адамдарға дер кезінде көмек көрсетуді ұйымдастыру, – дейді Ақылбек Серікұлы.
Әріптестерінің айтуынша, ол жауапкершілігімен, салмақтылығымен және кәсіби біліктілігімен ерекшеленетін тәжірибелі маман. Қызметтен тыс уақытта отбасына көңіл бөлетін азамат үшін қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі.
