Екібастұзда тергеуші қызметінің қыр-сырымен бөлісті
Екібастұзда тергеуші қызметінің қыр-сырымен бөлісті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қаласы тергеу бөлімінің тергеушісі Давуд Аджихановтың жұмыс күні алдағы міндеттерді жоспарлап, дайындалудан басталады. Тергеу бөліміндегі әрбір күн бір-біріне ұқсамайды: жаңа қылмыстық істердің материалдары, процессуалдық шешімдер, қылмыстық процеске қатысушылармен кездесулер және әрбір жайтты мұқият зерделеу қажеттілігі күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі.
Қызмет өтілі көп болмаса да, Давуд өзіне жүктелген міндеттерді сенімді түрде атқарып келеді. Тергеуші үшін заңнаманы жетік білу ғана емес, сондай-ақ ұқыптылық, сабырлылық, әділдік, жауапкершілік және байыпты шешім қабылдай білу аса маңызды.
Күні бойы жас қызметкер қылмыстық істердің материалдарын зерделейді, қажетті тергеу әрекеттерін жүргізеді, жиналған мәліметтерді талдап, жұмыстың әр кезеңін заң талаптарына сәйкес құжаттайды. Әрбір істің артында адам тағдыры тұрғандықтан, Давуд өз қызметіне ерекше жауапкершілікпен қарайды.
- Бұл мамандықта үнемі ізденіп, білімді жетілдіріп, кәсіби тұрғыдан дамып отыру маңызды. Әрбір жұмыс күні жаңа тәжірибе жинақтауға және өз ісіңнің білікті маманы болуға мүмкіндік береді, – дейді жас тергеуші.
Давудтың бұл мамандықты таңдауы кездейсоқ емес. Бала кезінен оның алдында ішкі істер органдарында қызмет еткен ағаларының өнегелі жолы болды. Олардың мамандыққа деген адалдығы, парызға беріктігі және заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегі Дәуітке әрдайым үлгі болып, осы саланы таңдауға шабыт берді.
Бүгінде Давуд Аджиханов кәсіби жолының алғашқы қадамдарын жасап жүргенімен, қызметіне деген жауапкершілігі мен өзіне артылған сенімді ақтауға деген ұмтылысын айқын көрсетіп келеді. Жас тергеуші үшін әрбір жұмыс күні – жаңа тәжірибе жинақтаудың, ақиқатты анықтауға үлес қосудың және заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қызмет етудің жаңа мүмкіндігі.
