Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай мұрасы – адал қызметтің темірқазығы: Ақмола полициясында тағылымды кездесу өтті

Ақмола облысы полиция департаментінде Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған идеологиялық сағат өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тағылымды кездесудің ерекше қонағы – 90 жастағы Абай шығармашылығының жанашыры Кәрім Сұлтанұлы болды.

10 тамыз – Абай күніне орай ұйымдастырылған шара барысында полиция қызметкерлеріне ұлы ақынның өмір жолы, шығармашылығы және қазақ халқының рухани дамуына қосқан үлесі туралы айтылды.

Жеке құрам алдында Ақмола облысы ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының командирі Ерлан Жақыпов сөз сөйлеп, Абай мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызына тоқталды. Сонымен қатар қызметкерлерге ақынның "Қара сөздеріне" арналған бейнеролик көрсетілді.

Кездесудің басты ерекшелігі – Абай шығармашылығын жастайынан зерттеп, оның өлеңдері мен әндерін жатқа білетін 90 жастағы Кәрім Сұлтанұлының қатысуы болды.

Ақсақал полиция қызметкерлеріне Абайдың әйгілі "Көзімнің қарасы" әнін орындап берді. Ол өз өмірінде ұлы ойшылдың өсиеттерін басшылыққа алып келе жатқанын атап өтті.

– Өз еліне абыроймен, адалдықпен қызмет ету керек. Мұны маған Абайдың сөздері мен өсиеттері үйретті. Осы қағидаттар өмірде дұрыс жол таңдауға, мемлекетке адал қызмет етуге, балаларым мен немерелерімді лайықты азамат етіп тәрбиелеуге көмектесті, – деді Кәрім Сұлтанұлы.

Кездесу соңында 90 жастағы ақсақал "Абайдың қара сөздері" кітабын Ақмола облысы ПД бастығының орынбасары Аслан Қызбикеновке табыстап, полиция қызметкерлеріне ақ батасын берді.

Полиция департаменті басшылығының айтуынша, мұндай рухани-танымдық кездесулердің жеке құрам үшін тәрбиелік мәні зор. Абайдың адамгершілік, адалдық, еңбек пен елге қызмет ету туралы ойлары қызметкерлерді рухани құндылықтарға үндеп, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді нығайтуға ықпал етеді.

Абайдың ғасырлар қойнауынан жеткен тағылымы бүгін де өз маңызын жоғалтпай, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру