Қызылордада ҚАЖД қызметкерлерінің психологиялық даярлығына көңіл бөлінді
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері үшін "Отбасы" орталығында "Сезім мен ішкі әлем" тақырыбында психологиялық тренинг ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің инспектор-психологы Моншақ Маханова мен инспектор-полиграфологы Ұлбала Бегимова "Отбасы" орталығымен бірлесіп өткізді. Тренингті орталық психологы Гүлжайна Ғабитқызы жүргізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – қызметкерлердің психологиялық тұрақтылығын нығайту, эмоционалдық жағдайын реттеуге көмектесу, ішкі жан дүниесін жақсырақ түсінуге ықпал ету және қызмет барысында туындайтын күйзелісті жағдайларды тиімді басқару дағдыларын қалыптастыру.
Тренинг барысында қатысушыларға қысқа уақыт ішінде эмоционалдық ширығуды бәсеңдетуге және өзін-өзі жинақтауға мүмкіндік беретін практикалық жаттығулар ұсынылды. Мамандар күнделікті қызметте қолдануға болатын психологиялық әдістерді көрсетіп, оларды тәжірибе жүзінде орындауға мүмкіндік берді.

Қатысушылар жаттығуларға белсенді қатысып, өздерінің эмоционалдық жағдайын басқарудың тиімді тәсілдерін меңгерді.
Іс-шара соңында қызметкерлер алған практикалық дағдылардың күнделікті қызмет барысында психологиялық жай-күйді тұрақтандыруға, күйзеліс деңгейін төмендетуге және эмоционалдық тепе-теңдікті сақтауға оң ықпал ететінін атап өтті.
