Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бір ауысымдағы 15 шақырту: патрульдік полиция қызметкерінің бір күні

Патрульдік полиция қызметкерінің бір күні алдын ала жоспарланған сценарий бойынша өте бермейді. Бір ауысымның өзінде қарапайым шақыртудан бастап, әр секундтың маңызы бар күрделі жағдайларға дейін түрлі оқиғалар орын алуы мүмкін. Мұны Петропавл қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында 10 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келе жатқан Асхат Құрмашов жақсы біледі. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Әдетте бір ауысымда патрульдік экипаж 3-4 шақыртуға барады. Олардың қатарында жол-көлік оқиғалары, қоғамдық орындарда мас күйде жүрген азаматтар және отбасылық жанжалдарға қатысты хабарламалар бар. Ал түнгі уақытта, әсіресе демалыс күндері, шақыртулар саны кейде 15-ке дейін жетеді. Олардың арасында төбелес, жанжал, бұзақылық және мас күйінде көлік басқару фактілері де кездеседі.

Патрульдік полиция қызметкері оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жетеді. Сондықтан жағдайды жедел бағалап, дұрыс шешім қабылдау аса маңызды. Асхат ауыр өрттер мен жол-көлік оқиғаларына да барған. Кейбір жағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсету мүмкін болмаған. Мұндай оқиғалар қызметкердің есінде ұзақ сақталады.

Тіпті салыстырмалы түрде тыныш күндердің өзінде босаңсуға мүмкіндік жоқ. Патрульдік полиция қызметкері бір мезетте жол қозғалысы мен қоғамдық тәртіпті бақылайды, іздеудегі көліктер мен адамдарға қатысты бағдарларды пысықтайды, азаматтардың өтініштеріне жауап береді.

Мұндай қызметте зейінді дұрыс бөле білу аса маңызды. Бірде осы қасиеті Асхатқа үш күн бойы іздеуде болған ұрланған көлікті табуға көмектесті. Гараж кооперативінің жанынан өтіп бара жатқан кезде ол көз қиығымен қозғалысты байқап, бағдарда көрсетілген сипаттамаларға сай көлікті бірден таныған.

Қызметтің осындай қарқынында сабырлылық, шапшаңдық және командамен жұмыс істей білу ерекше маңызға ие. Асхаттың айтуынша, патрульдік полиция қызметі дәл осы қасиеттерді талап етеді. Соған қарамастан, ол қызмет жолында басқа бөлімшеге ауысуды ешқашан ойлаған емес.

Бала кезінен оған жақын туыстарының бірі болған екі ағасы үлгі көрсеткен. Екеуі де патрульдік полицияда қызмет еткен. Асхаттың есінде әсіресе бір оқиға жақсы сақталған. Бірде ол жол қозғалысын реттеп тұрған ағасын көріп, сол сәттен бастап өзі де бір күні полиция формасын киюді армандаған. Әскерден кейін бұл арманын жүзеге асырды.

Қызмет жылдарында Асхаттың еңбегі "Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен атап өтілді. Бүгінде тәжірибелі патрульдік полиция қызметкері жас әріптестеріне қызметке бейімделуге көмектесіп, жинақтаған кәсіби тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Қызметтен тыс уақытта да Асхат белсенді өмір салтын ұстанады. Ол Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің хоккейден құрама командасының құрамында ойнайды.

- Бұл ойын патрульдік полиция қызметкеріне өте қолайлы. Хоккей жақсы физикалық дайындықты және командамен жұмыс істей білуді талап етеді. Оның үстіне мұз үстінде жоғары жылдамдықпен келе жатқанда жағдайды бағалап, бірден әрекет ету керек. Бұл дағдылардың барлығы қызметте қажет, — дейді ол.

Жұмыс күні ауысым аяқталған соң да бірден бітпейді. Қызметтік қару мен автокөлікті тапсыру, кеудеге тағылатын бейнетіркегіштен жазбаларды жүктеу, қажетті құжаттарды рәсімдеу сияқты жұмыстар атқарылады. Осы міндеттердің барлығы орындалғаннан кейін ғана қызметкер үйіне қайтады.

Үйде Асхатты жұбайы мен екі қызы күтеді. Отбасы оның қарбалас жұмыс кестесіне үйренген әрі қызметінің ерекшелігін жақсы түсінеді. Балалары әкесінің өздерінің және басқа да азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет ететінін біледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру