Қызылорда облысында пробация есебіндегі азаматтар арасында шағын футболдан жарыс өтті
Сырдария ауданында аудандық пробация қызметі мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен пробация есебіндегі азаматтар арасында шағын футболдан спорттық жарыс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылған спорттық шараның негізгі мақсаты – пробация есебіндегі азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға баулу, бұқаралық спортты дамыту және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру арқылы қоғамға бейімделуіне ықпал ету.
Жарысқа үш команда қатысып, ойын барысында спортшылар өздерінің шеберлігі мен ұйымшылдығын танытты. Тартысты өткен кездесулерде командалар жеңіске деген жігерін көрсетіп, белсенділік танытты.

Жарыс қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен ерекше көзге түскен ойыншылар арнайы дипломдармен, түрлі номинациялармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шараға қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай спорттық бастамалардың маңыздылығын атап өтті.

- Осындай спорттық шаралардың ұйымдастырылғаны біз үшін маңызды. Бос уақытымызды тиімді өткізіп, жақсы ортада болуға мүмкіндік береді. Бізге қолдау көрсетіп, жарыстарға қатысуға жағдай жасаған пробация қызметіне алғысымды білдіремін, – деді пробация есебіндегі азамат.
Спорттық шара қатысушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына, өзара қарым-қатынасын нығайтуына және қоғамға бейімделуіне оң ықпал етті. Мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
