Павлодарда полиция қызметкерлері оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады
Павлодарда полиция қызметкерлері оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Білім күні Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Алмаз Төкенов Павлодар қаласындағы №39 орта мектепке барды. Ол оқушыларды, педагогтер мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға арналған интерактивті сабаққа қатысты.
Бірінші сынып оқушылары үшін бұл күн ерекше маңызды болды – алғаш рет мектеп қоңырауы соғылып, олардың өміріндегі жаңа кезең басталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Алмаз Төкенов Білім күні әр отбасы үшін ғана емес, бүкіл ел үшін де маңызды оқиға екенін атап өтті. Білім мен жас ұрпақтың зияткерлік әлеуеті – мемлекеттің дамуының маңызды негізі.
- Жаңа оқу жылы баршаңыз үшін қызықты әрі жемісті болып, шығармашылық қуаныш пен жаңа ашылуларға толы болсын. Өз күштеріңізге сеніңіздер, әрдайым сәттілік серік болсын. Білім - сіздердің болашақтарыңыз, үлкен өмірге бастар жолдарыңыз, қазіргі әлемде өз орындарыңызды табуға, еліміздің нағыз азаматы әрі патриоты болуға мүмкіндік беретін маңызды құндылық екенін ұмытпаңыздар! Ұстаздарға да ерекше алғысымыз бен ізгі тілегімізді білдіремін. Мұғалімдердің педагогикалық шеберлігі, даналығы мен сабырлылығының арқасында еліміздің болашағы білімді, кәсіби және табысты жастардың қолында екеніне сеніміміз мол, - деп Алмаз Төкенов оқушылар мен педагогикалық ұжымға ізгі тілегін білдірді.
Кездесу барысында қауіпсіздік және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Алмаз Төкенов оқушыларды салауатты әрі белсенді өмір салтын таңдауға - спортпен шұғылдануға, жақсы оқуға, кітап оқуға, шет тілдерін меңгеруге және отбасы мүшелерімен, жақындарымен көбірек уақыт өткізуге шақырды. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің балалар мен жасөспірімдерге әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Кездесу соңында жас оқушыларға түрлі-түсті боямақтар табыстап, қызықты оқу, жаңа достар мен жарқын жаңалықтар тіледі.
Алғашқы оқу күні күлкі мен ізгі тілектерге толы аяқталды. Ал бірінші сынып оқушылары үшін бұл күн білім әлеміне бастар үлкен әрі маңызды жолдың бастауы болды.
