Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында ЖҚЕ бұзған жаяу жүргіншілер жауапқа тартылды

Ертіс өңірінде жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережесін бұзуының 8 мыңға жуық фактісі анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында полицейлер жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарының қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы мақсатты жұмыстарды жалғастыруда.

2026 жылдың басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзған 7809 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, Торайғыров көшесінде жас жігіт көлік қозғалысы қарқынды жолдың бойымен жүгіріп өткен. Жаяу жүргінші өз денсаулығы мен өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, жолда келе жатқан көліктердің қозғалысына кедергі келтірген.

Арада біраз уақыт өткен соң, осындай заң бұзушылық Академик Сәтбаев көшесіндегі жол бөлігінде де тіркелді. Егде жастағы әйел жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен. Ол өз әрекетін аялдамаға автобустың келгенін көріп, оған үлгеру үшін жолды қысқартуға шешім қабылдағанымен түсіндірді.

Жол қозғалысы ережелерін елемейтін павлодарлықтарға қатысты полиция қызметкерлері әкімшілік хаттамалар толтырып, айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданды

— Жол қателікті кешірмейді. Тәуекелге бармай, бағдаршамға немесе жаяу жүргіншілер өткеліне дейін барған дұрыс. Жолдың жүріс бөлігін кесіп өткен кезде барынша мұқият әрі сақ болыңыздар. Жолды толық кесіп өткенге дейін гаджеттерге алаңдамаңыздар, — деп ескертеді Павлодар облысының полиция департаменті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру