Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар тұрғыны полицияға алғыс білдірді

Павлодар тұрғыны полицияға алғыс білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция қызметкерлерінің жұмысына қатысты айтылған оң пікірлер – өңірдегі қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін күн сайын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың еңбегіне берілген баға.

Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына кезекті алғыс хат келіп түсті. Хатта Павлодар қаласының тұрғыны Павлодар қаласы полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің жедел уәкілі Дастан Жұмағұлға кәсібилігі мен жедел әрекеті үшін ризашылығын білдірген.

– Алаяқтардың құрбаны болған соң, Павлодар қаласы полиция басқармасының киберполиция бөліміне жүгіндім. Жедел уәкіл Дастан Жұмағұл сол күні-ақ ұрланған қаражат аударылған шоттардың иесі – дроперді анықтады. Полиция қызметкерінің жедел әрі кәсіби жұмысының арқасында ақшам толық көлемде қайтарылды, – деп жазды павлодарлық тұрғын өз алғыс хатында.

Полиция қызметкерінің жедел әрекеті мен кәсіби біліктілігінің арқасында азаматтың қаржысын қайтаруға мүмкіндік туды. Мұндай оң пікірлер – құқық қорғау органдары қызметкерлерінің халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегінің маңызын айқындайды.

Полиция азаматтарды интернет кеңістігінде барынша қырағы болуға шақырады. Төмен баға, тегін жеткізу немесе өзге де тиімді ұсыныстарға бірден сене бермеңіздер. Мұндай хабарламалардың артында интернет-алаяқтар ұйымдастырған тұзақ тұруы мүмкін.

Қаржылық қауіпсіздікті сақтау үшін кез келген күмәнді ұсынысты мұқият тексеріп, бейтаныс адамдарға банк картасының деректерін, құпия кодтар мен өзге де жеке мәліметтерді бермеу қажет. Сақтық пен қырағылық таныту – алаяқтықтың құрбаны болудың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру