Абай облысында полиция қоғамдық орынды ластаған азаматты камералар арқылы анықтады
Абай облысында полиция қоғамдық орынды ластаған азаматты камералар арқылы анықтады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Үржар ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау мен тазалық талаптарының орындалуын бақылауда бейнебақылау камераларының тиімділігі артып келеді.
Жуырда ғана іске қосылған жедел басқару орталығының камералары тағы бір құқық бұзушылықты тіркеді. Атап айтқанда, Үржар ауылының 58 жастағы тұрғыны темекі тұқылын арнайы белгіленбеген жерге тастаған.
Жалпы, Үржар ауданында шағын Жедел басқару орталығы жұмысын бастағалы бері 144 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Олардың қатарында қоғамдық орындардың тазалығын бұзу, абаттандыру талаптарын сақтамау және жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері бар.
Бұл көрсеткіш – заманауи технологияның қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі нақты нәтижесі. Бейнебақылау камералары құқық бұзушылықты жай ғана тіркейтін құрал емес, ол – тәртіптің сақталуына ықпал ететін, заң талаптарын елемеуге жол бермейтін тиімді тетік.
