Қызық үшін жол қозғалысын бақылайтын камераларды сындырғандар
Кентау қаласы полиция бөліміне, қалаға қарасты Жаңа Иқан ауылының әкімінен арыз келіп түсті
Онда, Шымкент көшесімен Жаңа Иқан көшелерінің қиылысында орналасқан әкімшіктің балансындағы жалпы құны 1 500 000 теңгені құрайтын 3 дана жол қозғалысын бақылайтын бейнебақылау камераларын белгісіз азаматтар сындырып кеткені көрсетілген. Аталған жайт бойынша Кентау ҚПБ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК-нің 202-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осындай бұзақылықты жасаған күдіктілерді ұстау мақсатында Кентау ҚПБ-нің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды. Нәтижесінде күдіктілердің жеке-бастары анықталды. Күдіктінің 3-еуі де жергілікті тұрғын, жас жігіттер болып шықты. Тергеу барысында күдіктілер қызық көру мақсатында, камераларды таспен атып сындырғандары белгілі болды. Күдіктілер өз кінәсін толық мойындап, қол хат алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері тұрғындарға қоғамдық орындарда ірілі-ұсақты бұзақылықтар, тәртіпсіздіктер жасамай дұрыс жүріп-тұрыңыздар деп ескертеді. Әсіресе өтпелі кезеңдегі балаларыңызға өзгенің мүлкіне тиіспеуді және әр нәрсенің өтеуі барын түсіндіріп отыруға кеңес береді. Сондай-ақ, түнгі уақытта балаларыңыздың қайда, кіммен жүргенін қадағалауларыңызды сұрайды.