Сыр елінің ішкі істер органдарында нәзік жандылардың ерекше орны
– Біз отбасында үш баламыз. Екі ұл, бір қыз. Мен ата-анамның жалғыз қызымын. Әкем де, анам да бұл салада қызмет еткен емес, әкем Темірбек Сарбасов Арал қаласында дүниеге келіп, зейнеткер жасына дейін сол жақтағы зауытта жұмыс жасаған. Ал, анам Алтынай Досшимова саналы ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне арнап, балабақшада қызмет жасап, қазіргі таңда бейнеттің зейнетін көруде. «Қыз бала әкеге жақын келеді» дейді ғой. Мен әкемнің қызы болатынмын. Марқұм әкемнің әр сөзі мен үшін қағазға жазылған заңдай болатын. Ол мені тәртіпке, жауапкершілікке, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге, досқа адал болуға үйретті. Алғашында қыз баласы үшін ауыр саналатын бұл салада жұмыс жасауыма қарсылық білдірді. Қай әке өзінің ерке, жалғыз қызын бұл салада жұмыс жасауына қияды дейсіз. Алайда бойымдағы қайсарлықты, алған бетімнен қайтпайтын табандылықты, жігерлілікті байқаған болу керек өз батасын беріп, осы салаға өзі әкелді десем болады. Қазіргі таңда, ішкі істер саласында жүргеніме 14 жылдайуақыт болды,-дейді кейіпкеріміз.
– Құдайға шүкір, бір өсіп-өнген әулеттің келінімін, ата-енемізбен бірге тұрамыз. Осылай жұмыста абыройлы болып жүргеніміз осы кісілердің қолдауының нәтижесі десем де болады. Себебі әр бастамама қолдау білдіріп, мен жұмыста жүрсем, балаларыма қарайлап, қажеттіліктерін реттеп отырады. Содан болар, екі қызым да атасы мен әжесінің балалары. Өзім де барлық үй тірлігіндегі шаруаларды ол кісілерге артып қоюдан аулақпын. Жұмыстан тыс уақытта қолым босай қалса, күнімді соларға арнап, тәттілерімді пісіріп, бабын жасауға тырысамын,-деп Гүлназ ағынан жарылды.
Өз қызметіне адал Сарбасова ханым: -Осы жылдар ішінде ішкі істер саласының бірнеше баспалдағымен жоғары көтеріліп, антыма адал еңбек етіп келемін. Еңбегім де елеусіз қалған емес. Мен үшін бұл мәртебе ғана емес, өте үлкен жауапкершілік екенін іштей түсінемін және оған сай болуға қолымнан келгенше тырысамын,-дейді.
Жұмысыңыз жемісті болсын! Сізге және отбасыңызға қажырлы қайрат және денсаулық тілейміз!Еңбегіңіз жана берсін!