Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сыр елінің ішкі істер органдарында нәзік жандылардың ерекше орны

8-наурыз Халықаралық Әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz сайт редакциясы  оқырмандарды құқық қорғау органдары саласында жұмыс істейтін табысты әйелдермен таныстыруын жалғыстырады.

Бүгінгі таңда ішкі істер органдарында нәзік жандылардың алар орны ерекше. Ерлерге бергісіз еңбек етіп, әйел затының ақылына көркі сай екенін іспен дәлелдеп жүрген нәзік жандылардың қатары күн санап артуда.
Солардың бірі және бірегейі полиция капитаны Гүлназ Сарбасова. Балалық арманының жетегінде жүріп, осы саланың ыстығы мен суығына төземін деп келген Гүлназ Сарбасова Қызылорда қалалық полиция басқармасы Жедел басқару орталығының аға инспекторы болып қызмет етеді.

Ішкі істер органдары қатарында қызмет етсем деген арманына алғашында әкесі Темірбек қарсылық білдіреді. Біреудің сұқ көзі мен ащы тілінен қызғыштай қорғап, аялы алақанында мәпелеп өсірген Темірбек аға жалғыз бұрымдысын бұндай ауыр әрі күрделі салада қызмет
етуге қимаса керек, алғашында қарсылық білдереді. Алайда кішкентай Гүлназдың балалық арманы санасынан да, жүрегінен де бір алыстаған емес. Осы арманына жету үшін мектепті жақсы бағамен бітіріп, жоғары оқу орнына қабылданады. Бір ғасырға жуық тарихы бар Сыр елінің белді білім ордасы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде де өзін жақсы жағынан көрсетіп, жоғары білікті маман атанады. “Қалауын тапса қар жанар” демекші, ақыры алдына қойған мақсатына қол жеткізіп, қазірде қатарының алды болып, жемісті еңбек етуде.

– Біз отбасында үш баламыз. Екі ұл, бір қыз. Мен ата-анамның жалғыз қызымын. Әкем де, анам да бұл салада қызмет еткен емес, әкем Темірбек Сарбасов Арал қаласында дүниеге келіп, зейнеткер жасына дейін сол жақтағы зауытта жұмыс жасаған. Ал, анам Алтынай Досшимова саналы ғұмырын бала тәрбиелеу ісіне арнап, балабақшада қызмет жасап, қазіргі таңда бейнеттің зейнетін көруде. “Қыз бала әкеге жақын келеді” дейді ғой. Мен әкемнің қызы болатынмын. Марқұм әкемнің әр сөзі мен үшін қағазға жазылған заңдай болатын. Ол мені тәртіпке, жауапкершілікке, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге, досқа адал болуға үйретті. Алғашында қыз баласы үшін ауыр саналатын бұл салада жұмыс жасауыма қарсылық білдірді. Қай әке өзінің ерке, жалғыз қызын бұл салада жұмыс жасауына қияды дейсіз. Алайда бойымдағы қайсарлықты, алған бетімнен қайтпайтын табандылықты, жігерлілікті байқаған болу керек өз батасын беріп, осы салаға өзі әкелді десем болады. Қазіргі таңда, ішкі істер саласында жүргеніме 14 жылдай
уақыт болды,-дейді кейіпкеріміз.

Қызметте қайсар рухты Сарбасова Гүлназ отбасында ибалы келін, адал жар, аяулы ана. Жолдасы екеуі екі қыз тәрбиелеуде. “Әйелдің қырық жаны бар” демекші, жұмыстың ауыртпалығын көтере жүріп, үй тіршілігін жайландырып, балалардың тәрбиесі мен оқуын қадағалап, ата-ененің бабын
таба білу әр адамның қолынан келе бермейтіні сөзсіз. Ал бүгінгі біздің кейіпкер бұл жағдайды таңғаларлық дүние санамайтын сыңайлы.

– Құдайға шүкір, бір өсіп-өнген әулеттің келінімін, ата-енемізбен бірге тұрамыз. Осылай жұмыста абыройлы болып жүргеніміз осы кісілердің қолдауының нәтижесі десем де болады. Себебі әр бастамама қолдау білдіріп, мен жұмыста жүрсем, балаларыма қарайлап, қажеттіліктерін реттеп отырады. Содан болар, екі қызым да атасы мен әжесінің балалары. Өзім де барлық үй тірлігіндегі шаруаларды ол кісілерге артып қоюдан аулақпын. Жұмыстан тыс уақытта қолым босай қалса, күнімді соларға арнап, тәттілерімді пісіріп, бабын жасауға тырысамын,-деп Гүлназ ағынан жарылды.

Еңбек жолын Жедел басқару орталығының инспекторы болып бастаған Гүлназ Сарбасова қала көлемінде орналасқан бейнебақылау камералары арқылы құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтап, дер кезінде ауыздықталуына себепші болып отыр. Осы салада 16 жыл бойы атқарған қажырлы еңбегінің арқасында бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, қылмыстардың жолы кесілген.

Өз қызметіне адал Сарбасова ханым: -Осы жылдар ішінде ішкі істер саласының бірнеше баспалдағымен жоғары көтеріліп, антыма адал еңбек етіп келемін. Еңбегім де елеусіз қалған емес. Мен үшін бұл мәртебе ғана емес, өте үлкен жауапкершілік екенін іштей түсінемін және оған сай болуға қолымнан келгенше тырысамын,-дейді.

Жұмысыңыз жемісті болсын! Сізге және отбасыңызға қажырлы қайрат және денсаулық тілейміз!Еңбегіңіз жана берсін!

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру