Полицейлер әйелді перзентханаға дер кезінде жеткізді
Қарағанды қаласының полиция қызметкерлері аяғы ауыр әйелді өткізу бекетінен жедел түрде перзентханаға жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әйел адамның толғағы басталған мезетте күйеуі жедел жәрдемге қоңырау шалудан гөрі, өзі перзентханаға апаруды жөн көрген. Алайда, Доскей ауылынан шыққан ер адам Қарағанды қаласының ТЭЦ-3 аумағында орын алған жол кептелісінен өте алмасын білген кезде бекетте тұрған полиция қызметкерлеріне барып, жағдайды түсіндіріп, көмектесуін өтінген.
Қарағанды қаласының ПБ патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Жанболат Қыстаубаев, Жарас Бейсембаев, Рахат Қабиден, Қайыржан Біржан және Айбек Тұрсын қызметтік көліктің жарық және дыбыс сиренасын қосып, жүргізушіге олардың соңынан еріп жүруін тапсырып жедел әрекетке кіріскен.Тәртіп сақшылары жол бойы перзентханаға алдын ала хабарласып, жағдайды түсіндіріп, жас ананы перзентхана дәрігерлеріне тез жеткізді.
«Менің өзім екі баланың әкесімін, жолда уайымдадық. Әр сәт біз үшін қымбат болды. Мен өмірімде бірінші рет осындай жағдайға тап болдым. Жол бойы жас анамен сөйлесіп, оны тыныштандыруға көмектестік», – дейді Жанболат Қыстаубаев.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті арқасында санаулы минуттарда жүкті әйел Қарағанды қаласының №1 перзентханасына жеткізілді.
«Біз олардың денсаулық жағдайы туралы білдік. Жас ана мен бала өздерін жақсы сезінеді, бүлдіршіннің атын ата-анасы Әмір деп қойыпты – деді Қарағанды қаласының ПБ ППП командирінің кадр саясаты жөніндегі орынбасары Дархан Алюбаев.
Алғашқы перзенті дүние есігін ашқан Данияр есімді қала тұрғыны қысылғанда қол ұшын беріп жанынан табылған тәртіп сақшыларына айтар алғысы шексіз.