Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балаңыз терезеден құлап кетпесін, сақ болыңыз!

Петропавл қаласының ювеналдық полицейлері балалардың терезеден құлауына қатысты қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен жылы СҚО-да да жазатайым оқиғалар орын алып, облыс орталығында төрт бала көз жұмды.
Петропавл қ. ПБ кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімнің қызметкерлері бұл қайғылы оқиға кез-келген отбасыға келуі мүмкін екендігі туралы жақсы біледі. Осы орайда күн жылысымен тәртіп сақшылары түсіндіру жұмысына кірісті.

– Ойын баласы терезеге шығып алып, оны ашуы немесе москит торына сүйеніп тұруы мүмкін, – деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Айдын Байматов. – Бөлме арасындағы әйнектелген есіктер де қауіп төндіреді. Жазатайым оқиғаны болдырмау үшін терезенің қасынан орындықтар мен басқа да жиһазды алып тастау қажет, балаларды терезе, әйнектелген есік, шкафтардың жанына жақындатпаған жөн. Ең сенімді құрал – бекіткіш, ол терезенің ашылуына жол бермейді. Сондай-ақ, баланы қараусыз қалдырмау керек. Бұл қарапайым қағидаларды әрбір ата-анаға жеткізу қажет.

Карантиндік шектеулер орнатылғалы халықпен қалыпты форматтағы кездесулер өткізілмейтін болды, сондықтан коммуникацияның жаңа әдістері қарастырылды. Полицейлер дайындаған материалдарды WhatsApp арқылы мектеп пен мемлекеттік балабақшалардың чаттарына жіберу үшін қалалық білім бөліміне жолдады. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары жеке меншік балабақшаларға баратын немесе мектепке дейінгі біліммен қамтылмаған балалардың ата-аналарын да ескере отыра, «Періштеңіздің қанаты жоқ» бейне ролигін жасап әлеуметтік желілерге орналастырды. Видео белгілі пабликтерге, сондай-ақ СҚО Полиция департаментінің аккаунттарына орналастырылды.

Роликте ювеналдық полицейлермен өткізілген акция кезінде түсірілген кадрлар пайдаланылды. Жас аналардың сүйікті орнына айналған қазақстандық полицияның 25 жылдығы аллеясының саябағында полицейлердің балалары арнайы әзірленген кітапшаларды таратты.


Кітапшадағы мына қағидалар қарапайым көрінгенімен, бала өмірі үшін аса маңызды:
– терезе, әйнектелген есік маңында ойнап жүрген баланың қараусыз қалдырмау;
– баланың терезеге шығып кетпеуі үшін терезе қасына жиһаз қоймау;
– балаға терезе қасында тұрған кереует немесе басқа жиһаздың үстінде секіруге жол бермеу;
– балкон немесе бөлме арасындағы әйнектелген есіктердің қасына заттарды қоймау, себебі бала сүрініп, жарақат алуы мүмкін.
Полицейлер аталған қағидаларды елеусіз қалдырмай, назарға алуға шақырады, себебі бұл біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру