Сотталған ерлі-зайыпты Skype арқылы қауышты
Солтүстік Қазақстан облысының екі мекемесінде жазасын өтеп жатқан ерлі-зайыпты Skype арқылы қауышты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінде пандемия кезінде туыстарымен және жақындарымен онлайн байланысқа шығады. Ал, екі мекемеден жазасын өтеп жатқан ерлі-зайыпты бірінші рет бір-бірін онлайн режимде көріп, тілдесуге мүмкіндік алды.
Бұл – қылмыстық-атқару жүйесінің әртүрлі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан Урмановтар отбасы.
Сотталушы Т.Урманов СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінде былтырдан бері жазасын өтеп жатыр. Оның жұбайы С.Урманова ЕС-164/6 мекемесінде (әйелдер колониясы) жазасын өтеп жатқанына бір жылға жуық уақыт болды.
Тимур отбасы туралы айта отырып, өзінің жұбайын бұрыннан көрмегенін жеткізді.
Екі мекеменің басшылығы Урмановтар отбасына бір-бірін «Skype» арқылы көруге мүмкіндік берді.