Тұрғынның үйінен ұрланған ұялы телефондардың партиясы табылды
Алматы полициясы ұрланған ұялы телефондардың үлкен партиясын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы полиция Департаментінің тергеу басқармасы қала аумағында қылмыстық жолмен алынған мүлікті иемденіп немесе сатты деген күдікпен 1989 жылы туылған П. есімді ер адамның тұрғылықты жерінде іздестіру шараларын жүргізді.
– Күдіктінің Медеу ауданында тұрғылықты жерін тінту кезінде 211 ұялы телефон (қораптарсыз және құжаттарсыз) тәркіленді. Қазіргі уақытта тәркіленген ұялы телефондар қылмыстық негізде тексерілуде. 67 ұялы телефонның иелері тек Алматы қаласының ғана емес, сонымен бірге еліміздің басқа да облыстарының ішкі істер органдарында мүліктерінің ұрлану фактілері бойынша полицияға жүгінгені анықталды. Қалған ұялы телефондарға меншікті анықтау жұмыстары жалғасуда, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков.
Айта кетейік, П. есімді ер адам ұрланған тауарларды сатып алғаны үшін бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Шамасы, бұрынғы сотталуы оған сабақ болмады. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары тәркіленген телефондарды шын иелеріне қайтару үшін науқан жүргізіп жатыр.