Көлік полицейлері аса ірі көлемде есірткі тәркіледі
Луговой станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Жамбыл облысының 46 жастағы тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Құқық бұзушы аса ірі көлемде, яғни жалпы салмағы 17 келіден аса «кептірілген марихуана» есірткі затын заңсыз сақтағаны үшін күдікті болып табылды, – дейді Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Алибаев.
Тергеу соты оған қатысты «қамауға алу» шарасын санкциялаған. Тергеу жалғасып жатыр.
– Көлік полицейлері ағымдағы жылдың басынан бері есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 197 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 17-сі өткізу, 10-ы сақтау және төртеуі есірткі заттарын контрабандалық жолмен өткізу фактісі. Заңсыз айналымнан 59 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді, – деді полицей.