Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сыр елінің полицейі – Бектұр Сатенов

Әділдікті ту етіп, еліміздің тыныштық күзетінде қызмет етіп жүрген полицейлердің еңбегі зор. Солардың бірі ерліктің үлгісін көрсеткен тәртіп сақшысы полиция аға лейтенанты – Бектұр Сатенов.

1978 жылы 09 маусымда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Тартоғай ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдары қатарында 2009 жылдың сәуір айынан бастап қызмет атқарып келеді. 2016 жылы Б.Бисенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясын бітірді. Ал, қазіргі таңда Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісінің взвод командирінің орынбасары лауазымында қызмет атқарып келеді.

Сатеновтардің үлкен және тату отбасында төрт ұл мен бірьқыз тәрбиеленуде. Ұлдарының екеуі Жантөре мен Бектұр ішкі істер органдарында қызмет етеді. Ағасы Жантөре Сәтенов қазіргі уақытта Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД кезекші бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Отбасының үлкені ретінде ол әрдайым өзінің қолдауымен және кеңестерімен Бектұр інісіне көмектеседі.

Әкесі – инженер, анасы үй шаруасында. Бектұр бала кезінен елін қорғайтын полицей болуды армандаған. Оны полиция қызметкерлерінің батыл және ержүрек қасиеттері қызықтырды.

2009 жылдың қараша айында кешкі уақытта қаланың орталық көшелерінің бірінен өтіп бара жатып, Бектұр үйлердің бірінен екі қабаттан өрт шығып, көмек сұраған дауысты естиді.Ойланбастан, ол су ағатын құбырмен екі қабаттың балконына жылдам көтеріліп, пәтердің ішіне кіріп, екі және бес жастағы екі кішкентай баланы, екі қарт кісіні құтқарып шығарады.

Қариялар оған алғыстарын білдіріп, ақ батасын берді.

Бектұр өзінің  жасаған ерлігі жөнінде айтқанды ұнатпайды.    

– Мен өзімді батыр деп санамаймын. Мұндай сәттерде кез келген адам осылай әрекет етуі керек, – дейді ол.

Полицейдің қарапайымдылығы туралы оның жұбайы Ақбалаева Сандуғаш:  – Сол күнгі оқиға жөнінде Бектұр қысқаша ғана айтып беріп, содан кейін тез жұмысына оралды, – дейді.

Мінсіз қызметі мен төрт адамды өрттен құтқарғаны үшін 2010 жылдың сәуір айында Бектұр Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өз қолымен «Ерлігі үшін» омырау белгісімен марапатталған.

Сол уақыттан бері біраз уақыт өтсе де, бүгінгі күні ол өз қызметін абыроймен атқарып келеді.

Жұбайымен бірге олар екі қыз және ұлын тәрбиелеуде. Өз балаларын ол  әрқашан үлкендерді құрметтеуге, адал болуға және туған жері мен елін сүйіп, қастерлеуге үйретіп келеді.

Бектұр күреспен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру