Ақтөбе облысының әкімдігі сотталғандарға 4 млн-ды құрайтын дәрі мен дәрумендер бөлді
Ақтөбе облысының әкімдігі сотталғандар арасында COVID-19 індетін болдырмау мақсатында төрт миллион теңгені құрайтын дәрілер мен дәрумендер бөлді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елде төтенше жағдай жарияланған алғашқы күннен бастап, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ҚАЖ мекемелеріндегі сотталғандар мен тергеушілер арасында COVID-19 қауіпті індетін болдырмау, алдын алу туралы нақты шараларды қабылдаған болатын. Осыған байланысты, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаменті бастығының тапсырмасымен, барлық түзеу мекемелеріндегі медицина қызметінің дәрігерлері коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл алгоритміне сәйкес, жергілікті билік пен аумақтық денсаулық сақтау органдарымен жүйелі жұмыс жасауға көшті.
Жуырда Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен, жергілікті билік түзеу мекемелеріндегі айыпталушылар мен сотталғандар арасында коронавирусты болдырмау, алдын алу шараларын күшейту және иммунитеттерін нығайту мақсатында, 4 миллион теңгені құрайтын дәрілер мен дәрумендер бөлді. Олар: қызуды, қақырықты түсіруге арналған аппараттар мен дәрілер, инфекцияның алдын алуға арналған антибиотиктер мен иммунитетті көтеруге арналған дәрумендер және тағы басқа дәрілік заттар.
– Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлының дер кезіндегі қолдауының арқасында, ҚАЖ департаментіне бағынысты түзеу мекемелеріндегі медицина қызметкерлері айыпталушылар мен сотталғандар арасында коронавирустың алдын алу бойынша нәтижелі жұмыстар атқарып келеді.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысының әкімдігінің көмек ретінде берген: оттегімен тыныс алуды қамтамасыз етуге арналған төрт дана Бобров аппараты қазіргі уақытта КА-168/1 тергеу изоляторына және КА-168/2 түзеу мекемесіндегі инфекциялық оқшаулау изоляторына қойылды.
Түзеу мекемелеріндегі айыпталушылар мен сотталғандар арасында коронавирусты болдырмау, алдын алу бойынша аталған жұмыстар алдағы күндері де жалғасын табады, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев.
Айта кету керек, елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, Ақтөбе облысы әкімінің қолдауымен, ҚАЖ мекемелеріндегі айыпталушылар мен сотталғандар үшін қызу өлшеуге арналған аппараттар және 26 мыңға жуық бірреттік бетперделер бөлінді.