Шымкент тұрғыны қыш құмыраға қарасора егумен айналысқан
Өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді қыш құмыраларға еккен 43 жастағы мүгедектігі бар Шымкент тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 тамыз күні Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен республикалық деңгейде өткізіліп жатқан «Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары барысында, өз үйінің жертөлесінде «гидропоника» әдісімен, яғни жасанды ортада өсінділерге жағдай жасау арқылы құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді қыш құмыраларда заңсыз егіп өсіріп жатқан 43 жастағы мүгедектігі бар жергілікті тұрғын құрықталды. Куәгерлердің қатысуымен аталған азаматтың үйінен айғақты зат ретінде 19 дана есірткі затына ұқсас өсімдіктер тәркіленіп алынды.
Сарапшының қорытындысына сәйкес тәркіленген өсімдіктер құрамында есірткі заттары бар «қарасора» тұқымына жататын есірткі өсімдіктері екендігі анықталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігімен (Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру) Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Көрсетілген азаматқа қатысты «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» бұлтартпау шарасы қолданылды.