СҚО-да молада жасалған вандализм фактісі анықталды
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында молада ескерткіштер мен қоршаулар бұзылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аудан полицейлері сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, нәтижесінде қылмыс жасады деген күдікпен үш оқушы ұсталды.
Бұзылған құлпытас құрылыстарын жергілікті тұрғындар анықтаған. Жедел-тергеу тобының қызметкерлері 12 құлпытас пен қоршаудың бұзылғанын тіркеді. Бір ескерткішке акрил бояуы құйылған. Бұдан бөлек, молада орналасқан шағын шіркеудің терезе әйнектері бұзылған. Полицейлер бірнеше күн бұрын мола жақта көзге түскен 10-12 жастағы үш жасөспірімді анықтады. Олар өздерінің аталған фактіге қатысын растады.
– Басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде қосымша тергеу әрекеттері жүргізілуде, аталған амалдар аяқталған соң түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады. Өлген адамдар жерленген жерлердi қорлау фактісі Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 314-бабы бойынша енгізілді, – деді Айыртау ауданы ПБ бастығы Абылғазы Ғабдуллин.