Саябақта адасып жүрген бүлдіршінді атыраулық полицейлер үйіне қайтарды
Атырауда саябақта адасып қалған бүлдіршінді полицейлер анасына жеткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Индер аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторы Айдана Амангельдиева күндізгі қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде Индербор кентінде орналасқан саябақтың ішінде жас шамасы 2-3 жастағы кішкентай баланың жалғыз отырғанын байқайды.
Кішкентай сәбидің бір өзі отырғанына алаңдаған полиция инспекторы қасына барып, айналадан баланың анасын, ересектерді іздеп, өтіп бара жатқан адамдардан сұрастырады. Танитындар болмай шықты. Айдана бөбекті полиция бөліміне алып келеді. Баланың дене қызуы көтеріліп, мазасызданып тұрғанын байқаған Айдана, дереу аудандық емханаға апарып, дәрігерге қаратып, тексертеді.
Сәбиді тексерген дәрігер, оның тыныс алу жолына салқын тигенін айтады.
Арада шамамен үш сағат өткеннен кейін іздестіру барысында баланың ата-анасы анықталып, полиция бөліміне шақыртылды.
Балаларын қараусыз қалдырған ата-анасынан түсініктемелер алынды. Сәбидің есімі – Димаш, отбасымен осы саябақ жанында тұрады, анасы жиі осында қыдыратын көрінеді. Сол күні үйден өз бетімен шығып кеткенін ешкім байқамаған. Қазіргі уақытта кішкентай Димаштың жағдайы жақсы, ата-анасына табысталды.