Полиция басшысы атанған қарапайым ұстаз
Түркістан облысы Полиция департаментінде полиция басшысы атанған ұстаз қызметте, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келес аудандық полиция бөлімі бастығының жедел қызмет жөніндегі орынбасары Сейтжан Қашқынбаев 1971 жылы сәуірдің жиырма бірінде Келес ауданы Абай ауылында дүниеге келген. Бозбала мектепті бітірген соң, ата-анасының ұстаз боласың деген ықпалымен Шымкент қаласына педагогикалық институтқа оқуға түседі. Төрт жылдан соң жоғарғы оқу орнын тәмамдап, 1997 жылы Келес ауданы №24 орта мектепке дене шынықтыру пәнінің ұстазы болып орналасады. Алайда өзі қаламаған мамандықты меңгерген Сейтжанның ұстаздық еңбек жолы көпке созылмайды. Небары алты жыл ғана жұмыс істеп, газет бетіндегі хабарландыруды көріп жылт еткен үмітпен Түркістаннан Атырау облысына қарай жол тартады. Таныс-тамыр да, тіпті қолда мұғалімнің дипломынан басқа артық зат та жоқ. Оның бар арманы газет бетінің бір бұрышында төрт сөйлеммен ғана жазылған полиция қызметіне қабылдаймыз деген хабарландыруды көріп, бағын сынау. Өйткені Сейтжан кішкентайынан құқық қорғау саласы бағытындағы кинофильмдерді ерекше сезіммен қарап, полицей боламын деген арманға қалайда жетуді мақсат тұтатын.
Осылайша ұстаз жігіт Атырау облысы Құлсары қаласындағы полиция бөліміне келеді. Сейтжанның спортпен ұдайы шұғылданатыны оның дене тұрқысынан көрініп тұратын. Оған қоса футбол ойынының түрлі турнирлеріне қатысып, 1-разрядты спортшы атағы да бар еді. Осыны байқаған басшылар әңгімелесуден кейін жігітті жұмысқа қабылдамаққа бел буады, алайда оның заң саласындағы дипломы жоқ болатын. Талапты баланың бетін қайтармай, ерікті ретінде тәжірибе жинақтауға шақырады. Сейтжан ойланбастан келіседі. Сейтжанға ақша табу маңызды болмайды. Бастысы болашақта сақшы болу. Ол өз арманына жақындағанын сезген сайын, күндіз-түні шағым айтпастан жедел уәкілдерге қылмысты ашып, қылмыскерді құрықтауда көмектеседі. Мұғалім жігіт полицей болмаса да олардың жанында жүріп, қылмыс ашуды үйреніп, тәжірибесін толықтырады. Әрі нысанды киім киіп ішкі істер органында адал қызмет етемін деген антын қабылдайтын күннің алыс емес екендігіне қашанда сеніммен қарайтын.
Ай, жыл өтеді, жап жас мұғалім полицей ағаларына жәрдем бере жүріп, қызметтің қыр сырын меңгергені соншалықты, тіпті бір күні қауіпті қылмыскерді жалғыз өзі іздеп тауып, полиция бөліміне жеткізеді. Оның өжеттілігі мен таудай талпынысына таңырқаған басшылар, заң саласын оқып, қызметке орналасуына мүмкіндік береді.
Сейтжан сенім білдірген басшылардың үмітін ақтау үшін нағыз полиция қызметкері болуға, әрдайым оң нәтижелі жұмыстармен өзгелерге үлгі көрсетуге барын салады. Көп ұзамай жас маман жедел уәкіл болып қызметке орналасады. Бекінген істен бас тартпайтын Сейтжан 2001 жылы аға жедел уәкіл, араға екі жыл салып 2003 жылы Криминалдық полиция бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалады. Осылайша алғырлығы мен батылдығы басым полицей басшылық тізгінді мықтап ұстайды. Спортты жанына айнымастай серік еткен Сейтжан әлі күнге дейін қалыпты жақсы сақтап, денесін шынықтыру үшін үздіксіз жаттығуларды жасап тұрады. Облыс көлемінде өткізілген футбол, волейбол ойындарының жеңімпазы. Спорт саласында үздік ойын көрсеткені үшін талай марапатқа қол жеткізген. Қарапайым лейтенанттықтан полиция полковнигі шеніне дейін жеткен басшының айрандай ұйыған өз отбасы бар.
Жұбайы Бибіайым Мұсаевамен бірге екі қыз бен екі ұлды тәрбиелеп отыр. Өмірлік жары Шымкент қалалық полиция департаментінің кезекшілік бөлімінде қызмет атқарады. Қос жұп қызметте үздік, отбасылық өмірде көп балалы ата-ана. Ерлі-зайыпты полицейлер өздерінің ұлдары мен қыздарының жолдарын жалғап, елге адал қызметтерін арнаса деген ниетте екен.