Құмар ойындарына құныққан жас жігіт туысының үйіне ұрлыққа түсті
Түркістан облысының полицейлері туысының үйінен ақша ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби ауданы ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғыннан сағат 11:30 – 17:00 аралығындағы уақытта белгісіз адамның қоршаудан секіріп түсіп, үйіне терезе арқылы кіріп, жатын бөлмесінен «Халық банк» карточкасын, сондай-ақ қоймадағы темір сейфтен 100 000 теңгесін алып кеткені туралы хабарлама келіп түскен.
Сондай-ақ ұры банк карточкасындағы 110 000 теңгені шешіп алып, жәбірленушіге жалпы сомасы 210 000 теңге шығын келтірген.
ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық ) бойынша тіркелген қылмысты ашу мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде полицейлер осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жәбірленушінің туысын ұстады. Құмар ойындарына құныққан жас жігіт ақша үшін туысының үйіне ұрлыққа түскенін мойындады.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.