Жамбыл облысында түзеу мекемесіне есірткі мен телефон лақтырған азамат ұсталды
Таразда түзеу мекемесінің аумағына тыйым салынған зат лақтырған азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға жергілікті уақытпен 03:00 шамасында орын алған.
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЖД-158/2 мекемесі қызметкерлерінің жедел ақпаратының негізінде түзеу мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды лақтырған 2000 жылы туған күдікті азамат ұсталды.
Ұсталған азаматты тексеру барысында оның түзеу мекемесінің сыртқы қоршауы арқылы 3 орама лақтырғаны белгілі болды. Орамадан жасыл түсті өсімдік тектес зат тәркіленді. Бұдан бөлек, оның түзеу мекемесінің №4 учаскесіне 2 ораманы лақтырғаны да анықталған. Тыйым салынған заттарды тексеру барысында 20 пластинка «Трамадол» дәрілік препараты және «Fly» маркалы сенсорлы телефон тәркіленді.