Тергеу изоляторында отырған азаматтарға өлең оқудан сайыс ұйымдастырылды
Атырау облысындағы тергеу изоляторында отырған сотталғандар Абай өлеңдерін жатқа оқу сайысына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
28 қазан күні Атырау облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты УГ-157/1 (тергеу изоляторы) мекемесінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай шығармашылық байқау өтті.
Тергеу изоляторының шаруашылық қызметіне қалдырылған 11 сотталған қатысқан шараға мекеме қызметкерлерінен бөлек, «Шапағат» қоғамдық қорының өкілдері төрелік етті.
– Ұлы Абайдың өлеңдері арқылы сотталған азаматтардың бойына көптеген жақсы қасиеттерді сіңіріп, олардың тезірек түзелуіне жол ашамыз. Өйткені Абайдың әр өлеңі адам бойындағы игі қасиеттерді дәріптейді, – дейді УГ-157/1 мекемесінің теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобының аға инспекторы Эльвира Сауғабаева.
Екі бөлімнен тұрған шараның алғашқы бөлімінде сотталған азаматтар Абай өлеңдерінен үзінді оқыса, екінші бөлімінде Абайдың өмірі туралы сұрақтарға жауап берді.
– Абайдың өлеңдерін соңғы рет мектепте оқып едім. Бүгін сол оқығандарымды қайтадан есіме түсірдім. Енді осы шарадан кейін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқитын боламын, – деді сотталған Нұрлан.
Шара соңында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.