Шымкенттің бас полицейі мөлтек ауданның тұрғындарымен кездесті
Шымкенттің бас полицейі Қарасу мөлтек ауданының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына қарасты №29 учаскелік полиция пункті әкімшілік аумағының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Қарасу мөлтек ауданының № 65, №66, №28, №8, №23 үй тұрғындары өз ұсыныстарын айтып, сұрақтарын жолдады. Мәселен жергілікті тұрғындар ауладағы ретсіз қойылатын көліктерден жедел жәрдем қызметінің кіруіне кедергі туындайтынын айтып, аталған кемшілікті түзетуге көмек көрсетулерін сұрады. Сондай-ақ тұрғындар үй кіреберістері мен аулаларға бейнекамералар орнату мәселесін де атап өтті.
Күн тәртібінде №29 учаскелік полиция пунктінің 2020 жылдың 10 айында атқарған жұмыстары мен қызмет көрсету аумағындағы қылмыстық ахуал барысы сараланды. Аталған аумақта ағымдағы жылдың 10 айында 92 қылмыстық құқық бұзушылықтар орын алып, оның ішінде 73-і ашылған. Қоғамдық орындар мен көшелерде құқық бұзушылықтың алдын алу барысында 150-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдар анықталып, хаттама толтырылған.
Кездесу соңында Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов: – Қоғамдық пікірде зерделеу, проблемалық мәселелерді шешу және полиция қызметін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған кездесу әрмен қарай да жалғасатынын, халықтың полицияға деген сенімін арттыру және имиджін көтеру үшін тұрғындармен ашықтықты қалыптастырып келеміз. Мемлекет басшысының құқық тәртібінің жай-күйі және құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі қызметінің тиімділігін арттыру бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмысты жалғастырамыз, – деп ойын қорытындылады.