Пробация есебіндегі азамат кәсіпкерлік негіздері курсын бітіріп, сертификат алды
Қызылорда облысының пробация есебінде тұрған азамат кәсіпкерлік негіздері курсын бітіріп, сертификат алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арал аудандық пробация қызметінің есебінде тұратын азамат жазасын темір тордың арғы жағында өтеген. 2007 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, аудандық пробация қызметінің есебіне қойылған.
Қазіргі таңда бұл азамат “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының “Бизнес бастау” жобасы бойынша бір айлық “Кәсіпкерлік негіздері” курсын аяқтап, сертификат алды.
Ол енді жеке кәсібін ашуды қолға алып, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алу үшін қажетті құжаттарды тапсырды.
– Комиссия шешімімен бизнес-жоспарым мақұлданып, мемлекеттен қайтарымсыз грант берілсе, мал шаруашылығымен айналыссам деп отырмын. Мал басын көбейтіп, оны күтіп- бағып, кәсібімді дөңгелетіп, аудан халқын жұмыспен қамтамасыз етсем деген арманым бар, – деді есептегі азамат.