Қызылордада флэшмоб өткізілді
Қызылордада «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әйелдерге қатысты түрлі дискриминация түрлерін жою туралы конвенцияға (Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 29 шілдеде ратификациялаған) сәйкес жыл сайын 25 қарашада басталатын «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында облыс еріктілері «ARAY CITY MALL» сауда кешенінде «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты флэшмоб өткізді.
Акцияның негізгі мақсаты – көпшілікті әйелдерге қатысты зорлық- зомбылықтың жолын кесуге дағдыландыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланы қорғау, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы заңнаманы ақпараттық-насихаттау болып табылады.
Акция туралы ақпараттары бар буклеттер мен жадынамалар адамдар көп жүретін (демалыс орындарында, сауда орталықтарында, базарларда, аялдамаларда және т.б.) жерлерде таратылуда.
2020 жылдың 10 айында облыс көлемінде отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтар бойынша 69 қылмыстық іс тіркелген.
Әйелдерге қатысты тіркелген қылмыстық әрекеттер өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда 34,8 пайызға төмендеген.
Дегенмен ресми статистикалық мәліметтер бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық әрбір үшінші отбасында кездесіп, тіркелген қылмыстардың 30 пайызын құрайды.
Орын алған қылмыстардың негізгі себептері – ұрыс-керіс, қызғаныш, маскүнемдік, әлеуметтік жағдайдың төмендігі болып табылады.