Ақтөбеде сотталғандар мерекелік іс-шараға қатысты
Ақтөбеде Тұңғыш Президент күнінде тергеу изоляторының сотталғандары концерт қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1 мекемесінің арнайы контингент арасында әлеуметтік психологиялық тәрбие жұмысы бөлімі (АКАӘПТЖБ) 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай, сотталғандар арасында мерекелік іс-шара өткізді.
Мерекелік іс-шараны құттықтау сөзбен ашқан мекеменің АКАӘПТЖБ жасақ бастығы Нұрберген Танжаров, мекемедегі жазасын өтеуші сотталғандар үшін ҚР Тұңғыш Президентінің өмірі және еңбек жолы туралы дәріс оқып берді.
Одан әрі Н.Ә.Назарбаев жөнінде бейнефильм көрсетілді.
– Аталған іс-шараны сотталғандар арасында ұйымдастырудағы мақсат – олардың еліне, жеріне деген патриоттық сезімдерін оятып, жасақтарда ұйымшылдық, бір-біріне деген жанашырлық сезімдерін қалыптастыру болып табылады.
Іс-шараға белсене қатысқан сотталғандарды көтермелеу шараларына беру туралы құжат мекеме комиссиясына ұсынылатын болады,- дейді КА-168/1 мекемесінің АКАӘПТЖБ бөлім бастығы Арман Панабек.
Мерекелік іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, сотталғандар домбырадан күй шашып, ән шырқады. Сонымен қатар, концерттік бағдарлама соңында сотталғандарға бүгінгі мерекеге қатысты сұрақ-жауап ұйымдастырылып, дұрыс жауап бергендеріне күнделік және қаламсаптар сыйға берілді.Ал, шара бітісімен, сотталғандар шахмат, дойбы секілді үстел ойындарын ойнап, көңіл көтерді.