Жаза басқандардың тура жолға түсуіне кітапхананың көмегі көп
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты мекемелерде кітапхана қорын молайту тура жолға қойылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірлік ҚАЖ департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесінде жазасын өтеушілердің рухани толысуына баса мән берілген.Мекеме кітапханасында тарихи, көркем әдеби, рухани және ғылыми-деректі жанрларда жазылған қомақты қор қалыптасқан. Мұнда қызмет ететін сотталған Мәжит есімді азамат жақсы кітап оқып, білімін арттыруға келетіндердің көптігін айтады. Оның сөзінше, карантин жағдайы енгізілгеннен кейін оқырмандар қатары арта түскен.
– Кітапханаға келушілер барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, кіргізіледі. Оларға қызығушылықтарына қарай кітаптар ұсынылады. Туындыны толық оқып шыққан соң жазасын өтеушілер шығарма жайында өзара пікір алмасып, ой бөліседі. Жалпы, кітапхананың адам баласының бойында ізгі қасиеттерді қалыптастырып, бекітуге қосатын үлесі зор. Бос уақытын кітапқа арнаған жандардың міндетті түрде тура жолға түсуге талпынарына сенімім мол, – дейді жазасын өтеуші.