Түнгі рейд барысында 100-ден астам жасөспірім ұсталды
Жамбыл облысында өткізілген түнгі рейд барысында 100-ден астам жасөспірім ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары жасөспірімдердің түнгі мекемелерде болуына қатысты рейд шараларын жүргізді. Мереке күндері түнгі мезгілде көшелер мен клубтарда болған 135 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.
– Екі жасөспірім мас күйінде болған, бір жасөспірім – темекі сатып алғаны үшін, 12 – кафе-барда болғаны үшін және 115 жасөспірім заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін полиция бөліміне жеткізілді. Жеткізілгендердің арасында бірнеше мектеп оқушысы мен колледж студенті болды. Олардың әрқайсысының ата-аналарымен профилактикалық әңгімелер жүргізілді. Кейбір ата-аналарға қатысты тиісті ақшалай айыппұл салу туралы хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар, қаңғыбастығы үшін КБО-ға ауданнан қалаға ата-анасыз келген екі жасөспірім орналастырылды, – деп хабарлады Жамбыл облысының ПД ЖПҚБ ювеналдық полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуанышбек Қалжанов.
Айта кетерлігі, полицейлер Тараз қаласы мен облыс аудандарының 100-ден астам мекемесін тексерді, 140 ата-ана мен өзге де ересек адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларының жүріс-тұрысына қатысты қырағылық танытуды және олардың бос уақыттары мен қарым-қатынас ортасын қадағалау қажеттігін ескертеді.