Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Еріктілер жылы қорытындыланды

Қызылордалық полицейлер еріктілер жылын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының Президенті 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады.

Биылғы жылдың қиын болғанына қарамастан қаламыздың еріктілері Қызылорда қалалық Полиция басқармасымен бірігіп, бірқатар игі істер атқарды.

26 желтоқсан күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ермек Құдайбергенов еріктілерге жаңа форматтағы тиімді жұмысы үшін алғыс айтты.

Осы бағыттағы іс-шаралар бұрыннан да дәстүрге айналған.

– Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар – елдің шынайы патриоттары, олардың әрекеттері қоғамды ізгілендіруге айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз.
Еріктілердің полицейлермен жұмысының негізгі бағыты – хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздеу болып табылады. Бұл бағытта өте тиімді бірлескен жұмыстар жүргізілді. Бір жыл ішінде еріктілер полиция қызметкерлерімен бірге жертөлелерді, қараусыз қалған үйлерді тексерді. #Бізбіргеміз акциясы аясында пандемия кезінде еріктілер халыққа үлкен көмек пен қолдау көрсетті. Қоғамдық белсенділер карантин кезінде суық ауа райында блок-бекеттерде тұрған полицейлерді ыстық аспен қамтамасыз етті. Бұл, әрине, полиция қызметкерлерінің күші мен көңіл-күйін көтеруге ықпал етті, – деді Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ермек Құдайбергенов.

Сөз соңында Ермек Құдайбергенов еріктілерге олардың игі істерінде табыс және отбасыларына амандық тіледі. Еріктілерге Қызылорда қалалық Полиция басқармасы басшылығының атынан алғыс хаттар табыс етілді.

– Біз мемлекеттік органдармен кез келген өзара іс – қимылға дайынбыз, мұны азаматтық ұстаным мәселесі деп есептейміз, – деді Қызылорда облысы еріктілерінің жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру