Аяз ата мен Ақшақар құттықтады
Қызылордада Аяз ата мен Ақшақар кейпіне енген ардагерлер кезекшілікке түскен полицейлер мен ардагерлерді құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жылға да санаулы күндер қалды. Баршамыз Жаңа жылдан жақсылықтар күтеміз. Осы мереке қарсаңында Қызылордада Жаңа жылдың басты кейіпкері Аяз ата мен Ақшақардың киімін киген ішкі істер органдарының ардагерлері ел тыныштығын күзеткен әріптестерін құттықтады.
Мереке күндері Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшетіні белгілі. Олар тәулік бойы қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалайды. Жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алатын полицейлерге үлкен жауапкершілік жүктелген.
Аяз ата мен Ақшақар мереке қарсаңында түнгі кезекшілікке түскен қызметкерлерді құттықтап, адал қызметтері үшін алғыстарын білдіріп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі қиын істеріне табыс тіледі.
Сонымен қатар, белсенді ардагерлер отбасынан жырақта, күшейтілген тәртіппен, халқының амандығын тілеп, кірпік қақпай қызмет орнында отырған қызметкерлердің балаларына әзірлеген сыйлықтарын берді.
Аяз ата мен Ақшақар ішкі істер органдарының ардагерлерінде назардан тыс қалдырған жоқ, ардагерлерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтап барып, олардың немерелеріне жаңа жылдық сыйлықтар табыстап, қуаныш сыйлады.
Мәселен, Ардагерлер кеңесі 30 жылға жуық еңбек өтілі бар ішкі істер органдарының ардагері Төлеш Әлиевті құттықтады. Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып отырмай, ұзақ уақыт бойы жас тəртіп сақшыларымен өз тəжірибесімен бөлісіп, əдістемелік көмегін аяған жоқ.
Аяз ата мен Ақшақар әйелі қайтыс болғаннан кейін бес баласын өзі тәрбиелеп отырған зейнеткер Болатбек Иманбаевтың да отбасына барып, ақшалай көмек берді, сондай-ақ бұл отбасының балаларына да жаңа жылдық сыйлықтар табыстады.
Ардагерлер кеңесі Департамент басшылығының тікелей қолдауымен көптеген игі шараларға мұрындық болып жүр. Ұйымдастырылған түрлі акциялар шеңберінде ішкі істер органдарының ардагерлеріне үнемі қол ұшын беріп, қызмет бабында қаза тапқандардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіп келеді.