Жоғалған балалар табылды
Шымкентте тәртіп сақшылары бір сағат ішінде жоғалған балаларды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 қаңтар күні күндіз Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ-ның №31 УПП учаскелік полиция инспекторларына жүгінген азаматша, үйдің ауласында ойнап жүрген, кәмелет жасына толмаған інілерін бірнеше сағат бойы таба алмай жатқаны туралы хабарлаған.
Азаматшаның айтуы бойынша, інілерін жоқтығын байқап, оларды өз күшімен іздей бастаған. Алайда іздеу сәтсіз аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлерінен көмек сұрады.
Полиция шұғыл жасөспірімдерді іздеуге кірісті. Жақын маңдағы барлық аумақты аралап, жергілікті тұрғындардан сауалнама жүргізді, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың болуы мүмкін жерлерді тексерді. Бір сағат ішінде тәртіп сақшылары үйінен 2-3 шақырым жерде орналасқан көрші ауданында төбешікте сырғанап, көңілді жүрген балаларды тапты.
Кәмелетке толмағандардың әпкесі полиция қызметкерлеріне інілерін жедел тауып бергені үшін алғысын білдірді.