Ер адам елорданың сауда үйінен 6 рет ұрлық жасаған
Ер адам елорданың сауда үйінен алты рет ұрлық жасаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің Полиция басқармасына елорданың сауда үйлерінің бірінің сатушыларынан тауарлар мен жеке заттарын ұрлау фактісі бойынша бірден бірнеше арыз келіп түскен.
Елордалық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бұған дейін сотты болған 53 жастағы елорда тұрғынын ұстаған.
Тергеп-тексеру барысында күдіктінің бірнеше күн бойы бір сауда үйінің бутиктерінен алты ұрлық жасағаны анықталды.
Осылайша, қараңғы түскеннен кейін СҮ-ге келіп, бутикке тұтынушының келіп кіруін күткен. Сатушының басқа адамға көңілі ауған сәтті пайдаланып, ер адам қолына бірінші түскен зат – «HUAWEI» маркалы ұялы телефонды ұрлаған. Қылмыс бутикте орналасқан бейнебақылау камерасының объективіне түсіп қалған.
Осы уақытқа дейін ер адам еш ұялмастан, осыған ұқсас ұрлықты еппен жасап жүрген.
Ұрының қоржынында мобильді телефон, төсек-орын жабдығы және төсек жапқыш болған. Ұрлаған заттарының біраз бөлігін ол алыпсатарларға өткізіп үлгерген. Шығын сомасы жарты миллионнан астам теңгені құраған.
Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалып, оның бұған дейін елорда аумағында жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Күдікті ұсталып УҰИ-ға қамалды.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті кәсіпкерлік субъектілеріне қырағылық танытып, үй-жайларын қорғау жүйесімен жабдықтауға кеңес береді.