Күш қолданып, тұрғынның телефонын тартып алған ер адамдар қамаққа алынды
Жамбыл облысында күш қолданып, тұрғынның телефонын тартып алған ер адамдар қамаққа алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Т.Рысқұлов аудандық полиция бөліміне Атырау облысының 55 жастағы тұрғыны арызданып, Құлан ауылындағы көшелердің бірінде белгісіз үш азаматтың күш қолданып, «Samsung j-2» маркалы ұялы телефонын, басқа да құнды заттарын тартып алып, артынан ұялы телефонындағы «kaspi.kz» жүктемесінен 15 мың теңге ақшасын аударып алып кеткенін көрсеткен.
Жәбірленушіге жалпы сомасы 100 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабымен (Тонау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Т.Рысқұлов аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлерімен ізін суытпай Алматы қаласы және Қордай ауданының 25-27 жас аралығындағы күдіктілер анықталып, ұсталды.
Тергеу барысында күдіктілердің тонау дерегі бойынша бұрын сотты болғандығы анықталды.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.